Дархан даланың дара ұстазы Ыбырай есімін иеленген өңіріміздегі кәсіптік білімнің қарашаңырағы Рудный әлеуметтік – гуманитарлық колледжі бүгінде заман талабына сай білікті мамандар даярлап , білім кеңістігінде биік белестерді бағындырып , құлашын кеңге жайып дамып келеді.
Тарихқа шегініс жасап көз жүгіртсек , Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі (Меңдіқара педучилищесі) Қостанай облыстық кеңесі атқарушы комитетінің шешімімен 1940 жылы 7 шілдеде құрылды. Оқу орны 1917 жылғы төңкеріске дейін Орыс-қырғыз училищесі деп аталып, өзінің тарихын Ы. Алтынсариннен бастап жүргізген Боровской қазақ мектебі аумағында орналастырылды. 1949 жылдан бастап колледж көрнекті педагог және ағартушы Ы. Алтынсариннің атымен аталып келеді. 1942 жылы училище 33 адамнан тұратын алғашқы түлектерін шығарды. 1974 жылы педучилище Рудный қаласына ауыстырылып, Рудный педагогикалық училищесі болып өзгертілді. ҚР Қостанай облыстық әкімшілік басшысының 1992 ж. 12.06-ғы шешімімен Рудный педагогикалық училищесі Рудный педагогикалық колледжі болып қайта ұйымдастырылды. 2000 жылы Қостанай облысы Білім департаментінің 2000 ж. 06.06-ғы № 158 бұйрығымен Рудный педагогикалық колледжі Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі болып өзгертілді. 2005 жылы колледж «Қостанай облысы әкімдігі Қостанай облысы Білім департаментінің Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мәртебесін алды. Оқу орны ашылғалы бері 12000 мыңнан астам жоғары білікті мамандар түлеп ұшып , нарықтық қоғамның игілігі үшін еліміздің түкпір-түкпірінде абыроймен еңбек етуде. Олар – колледж мақтанышы.
70 жылдан астам тарихы бар киелі білім ордасы жыл сайын жаңғырып , жаңашылдықпен алға қарай нық қадамдар басуда. Бүгінде оқу ордасында 80- нен астам педагогтер еңбек етсе, оның тең жартысына жуығы жоғары және бірінші санатты. Жалпы педагогикалық ұжымның 61,4% пайызы магистрлік білімді меңгерген. Олар жыл сайын өз білімдерін көтеру және шыңдау әрі тәжірбие алмасу мақсатында арнайы біліктілікті арттыру курстарына белсенділікпен қатысады. 2015-2020 жж аралығында 47 педагогіміз «Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында » курстардан тәлім алып сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар Кәсіпқор холдингінің білім беру бағдарламалары негізінде 36 педагог әр түрлі бағытта біліктілік курстарынан өтті. Жыл сайын курстан білім алушылар саны ұжымның 30 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш үнемі өзгеріп әрі қарай толығып отыратыны сөзсіз.
Сонымен қатар ұстаздарымыз білім саласында жылдар бойы табысты қызмет еткен үшін «Білім беру ісінің үздігі» , « Еңбек ардагері» , «Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хаттарымен» т.б мәртебелі марапаттарға ие болған. Ұстаздықтың ұлы жолында өзінің ғибратты ғұмырын арнаған педагогтеріміз Ыбырай Алтынсарин төсбелгісіне лайық деп танылды. Олар : Суймеков Досмагул Еслямович, Бисембаева Айганша Айдарбековна, Андронова Людмила Александровна, Сарсембаева Марьям Сапабековна, Тұрағұлова Балжұма Темірбекқызы ,Құсайын Жомарт Конырбайұлы. Аталмыш ұстаздардың әрбіреуінің есімі колледж тарихының айшықты беттерінен мықтап орын алмақ. Себебі , олар осынау қарашаңырақтың мақтан тұтар алғы шептегі ардагер ұстаздары.
Колледж кәсіби білімнің шеберханасы. Мұнда үнемі талапшыл да талантты ұстаздарды олардың педагогикалық кәсіби өсу, өрлеу жолындағы кез-келген бастамасына қолдау танытады. Олардың тұлғалық қасиеттерін дамыту әрі өз кәсіптеріне қызығушылығын көтеру мақсатында жыл сайын өзекті тақырыптарды қозғайтын ғылыми семинарлар мен шебер сыныптар өткізіледі. Сонымен қатар педагогикалық шеберлікті арттыру үшін колледжішілік біліктілік санаттары бойынша «Колледждің үздік педагогі» , «Біздің үмітіміз» , «Үздік сабақ жоспары» т.б байқаулар жиі өткізіледі. Мұндай шаралар педагогтің тұлғалық сипатына оң ықпал жасап оның әдістемелік қоржынына тың жаңалықтар әкелетіні айдан анық. Бірқатар ұстаздарымыз және білім алушыларымыз халықаралық және республикалық білім додаларында сан мәрте жеңімпаз атанып , колледж абыройын асқақтатты.
Ұзақ жылдар бойы колледж тәжірбие алмасу алаңына айналды. Мұнда ғылым мен білімнің нақты бағытын айшықтайтын пәрмені күшті практикалық конференциялар үлкен дайындықпен өткізіледі. Атап өтер болсақ , өңіріміздегі білікті педагогтердің басын қосқан халықаралық «Алтынсарин оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы жоғары деңгейде өткізілген болатын.
Сонымен қатар колледждің оқытушылық құрамы облысымызда және қаламызда аталып өтілетін түрлі мақсатты көздейтін акция, флешмоб, спорттық ,шығармашылық сайыстарға белсене қатысып жүлделі орындарға ие болды. Бұл игі дәстүр үнемі өз жалғасын тауып келеді.
Биылғы оқу жылы да ерекше айтулы датамен басталды. Есімін ел болып ұлықтаған ұлы педагогтің туғанына 180-жылдық мерейтойы колледждің тәрбие жоспарына енгізілді. Атаулы мерейтой қарсаңында карантиндік қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап , білім ордасы оқу жылына бірқатар тәрбиелік мәні зор іс шараларды ұйымдастырып абыроймен өткізуге жоспарлады.
Атап өтер болсақ , колледж студенттері арасында « Ыбырай -шағын әңгіме шебері» педагог әңгімелерін сахналау шеберлігі байқауы және тағылымды кездесулер мен тәрбие сағаттары мен викториналар т.б. Бұл игі шаралардың басты мақсаты ұлтымыздың ұлы тұлғасы Ыбырай Алтынсариннің есімін дәріптеу мен құрметтеу болып саналады.
Ұлт ұстазын ұлықтау тек биылғы жылдың ғана еншісінде болған жоқ. Сонау колледж есігі айқара ашылған жылдардан бастап , білім ұясында халқымыздың біртуар данасы , кәсіптік білімнің негізін салушы Ы.Алтынсаринге құрмет айрықша. Сөзіме дәлел, осынау білім ордасында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен дарынды сазгер және музыка өңдеуші талантты ұстаз Омаров Қажығали Біркеұлы « Ыбырай сазы» атты сырлы әуенге толы әсерлі күйін ұлы педагог құрметіне арнап шығарған болатын. Бұл туындының жылдар өткен сайын маңызы артып , тіпті колледждің әнұранына айналды десек болады.
Қорыта келе,өңірдегі білімнің қарашаңырағы Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі қазақтың сөнбес жұлдызы Ыбырай бабамыздың есімін үлкен мақтанышпен иемденіп жарқын болашаққа үлкен сеніммен қарайды.
Даланың алып қоңырауы Ыбырай ашқан кәсіптік білімнің бүгінгі таңда дамуына өз үлесімізді бір адамдай қосудамыз . Ұлы педагогтің кәсіптік білім беру ісіндегі тағылымды қарекеті қазіргі таңда жаңаша мазмұн – сипатқа ие болып, заман талаптарына сай жалғасын табуда. Құдды бір Ыбырай дәуірі жаңғырып қайта оралғандай, қазіргі еңбек нарығы талаптарына сай, түрлі салада қызмет көрсете алатын мамандық иелеріне сұраныс артуда.
Ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған кәсіптік білім беру ісі бүгінде лайықты жалғасын тауып, жандана түсуде. Бұл дәстүр әрі қарай өз жалғасын табатынына сенімім зор.