Кәсіптік тәжірибе- кәсіптік білім беру жүйесінің бөлінбейтін бөлігі . Оқыту, тәрбиелеу, білім беру саласына қызмет көрсету болашақ мұғалімдерді, тәлімгерлерді кәсіптік машықтан өткізіп даярлаудың тиімді нысаны болып табылады.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі студенттері жазғы сауықтыру лагерьлерінде қаламыздағы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Абай Құнанбаев,Дмитрий Карбышев атындағы жалпы білім беретін мектептерде, Бейімбет Майлин атындағы мектеп-гимназиясында, №13 мектепте тәжірибеден өтті.
Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытындағы балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып білу, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, балалардың өзін — өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық, спорт, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін жазғы сауықтыру ауысымдары аталған мектептерде жұмыс жасады.
Жаз-балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән байланыстарын жетілдіру, әлеуметтік және мәдени білім беру құндылықтарына араласу, әлеуметтік байланыстар жүйесіне қосылу, өз жоспарларын іс жүзіне асыру, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Жаз балаларға өзінің сан түрлі талантын ашып көрсетуге мүмкіндік береді.Бұл кезеңді жеке басының жақсы жақтарын ашып көрсетуге жағдай жасауға, балалар арасында рухани және эмоциялық құндылықтарымен алмасуға, жеке басының мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдалану керек.Осы мақсатта біздің студенттер бірнеше ауысымда балалармен жұмыс жасап, теориялық білімдерін практикамен байланыстырып, өздерінің ұйымдастырушылық, құра білу, коммуникативті, перцептивті, қолданбалы қабілеттерін шыңдап келді. Биылғы практикада әдіскерлер лагерь жұмыстарымен танысып, студенттерге көмек беруге, бақылауға жағдай жасалды. Бақылапу барысында олардың зор қызығушылықпен, мол жауапкершілікпен жұмыстарын атқарып жүргендеріне куә болдық. Атап айтсақ, Гайсина Айгүл мен Айрақбаева Земфира №13 мектепте, Молдабаева Алеся мен Игиликова Фариза А.Байтұрсыноа атындағы ЖББМ, Исмагулова Аружан мен Сардарова Асель, Нагашбаева Жібек Д.Карбышев атындағы мектепте, Кузибаева Аселя А.Құнанбаев атындағы мектепте.
Жазғы демалыс кезеңімен балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалануда арнайы түрде оқу-тәрбие және сауықтыру жұмыстарын жоспарлы түрде іске асыруға арналған іс-шаралар көптеп өткізілді.
Концертке, спорт жарыстарына, қойылымдарға бару, қыдыруға, саяхатқа шығу да баланың көңіл көтеріне ықпал жасайды. Өздігінен білім алу балаларды мәдени құндылықтарға тәрбиелейді. Өздігінен білім алуға экскурсиялар, пікірталастар, іскерлік ойындар ұйымдастырылды..
Студенттер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін аямай жұмсады. «Денсаулық ғаламшары», «Мектеп аруы», «Күштілер, батылдар» сайыстарына оқушылар қызығушылықпен қатысты. Әдеп туралы әңгіме, әсемдік жайлы мақал-мәтелдер жарыстары көңілді өтті.
Қорыта айтқанда, студенттер балғындардың демалысы қызыққа әрі қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін жұмсағандықтарын байқадық.