Биылғы Республикалық деңгейде аталынып өтіп жатқан Ыбырай бабамыздың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлы педагог есімін мақтанышпен иеленген Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде де тағылымы мол , пәрмені күшті игі шаралар жоғары дайындықпен ұйымдастырылып өткізілуде. Соның бірі Ыбырай Алтынсариннің қаламынан туындаған шағын жанрдағы әңгімелеріне арналды. Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінде өткізілген «Ыбырай шағын әңгіме шебері» деп аталған сахналау шеберлігі байқауының мақсаты -даланың дара ұстазының шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттау мен оны қадірлеуге баулу. Сонымен қатар сөз өнеріне қызығушылықтарын арттыру арқылы сахналық шеберліктерін дамыту.
Карантиндік шараларға байланысты байқаудың форматы қашықтықтан болғанына қарамастан студенттер өз таланттары мен зор мүмкіндіктерін барынша көрсете білді.
Ең алдымен байқау шарты түсіндіріліп, уақыт беріліп , кейін топтар дайындықты бастап кетті. Байқауға Ыбырай атамыздың «Асыл шөп» , « Ақымақ дос» , «Алтын шеттеуік» , «Әке мен бала» , «Бақша ағаштары» әңгімелерін сахналап , ұшқыр қиялға ерік беріп бейнероликтер ұсынылды. Барлық топтардың ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, образды ерекше сомдауы мен әңгіме мазмұнын ой елегінен өткізгені байқалады. Байқау соңында жеңімпаздар анықталып , оларға колледж директоры Ж.Қ.Құсайын өз ризашылығын білдіріп , арнайы мақтау қағаздарымен қоса шағын сыйлықтармен марапаттады.
Аталмыш байқауға қонақ болып қатысқан Қостанай ауданының Мичурин жалпы білім беретін орта мектебінің 2 «Ә» сыныбының оқушылары мен жетекшісі Күзембаева Асем Рамазанқызына колледж директорының алғыс хаты мен шағын естелік сыйлық табысталды.Қорыта келе , ұлы педагогтің ғибратты әңгімелерін осындай тартысқа толы шеберлік байқауы арқылы жаңғыртуға тырыстық.
Жайлаубаева И.Ж
Ы.Алтынсарин атындағы
Рудный әлеуметтік – гуманитарлық
колледжінің арнайы пәндердің оқытушысы.